Мектептердегі оқу процесі
| |

Мектептердегі оқу процесі: қандай өзгерістер енгізілді?

2026 жылғы 17 қыркүйекте Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы бірқатар нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізетін бұйрыққа қол қойды. Жаңа талаптар мектептердегі аттестаттаудан бастап, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы мен білім беру саласындағы цифрландыруға дейінгі бірқатар бағытты қамтиды.

Бұйрық 2026 жылғы 4 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

11-сынып оқушыларына қатысты талап нақтыланды

Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Құжатта қорытынды аттестаттаудың мақсаты нақты көрсетілген. Ол – оқушының білім берудің тиісті деңгейіне арналған мемлекеттік жалпыға міндетті стандартта белгіленген оқу пәндері мен оқу материалдарын қаншалықты меңгергенін анықтау.

Маңызды өзгерістердің бірі – 11 (12)-сынып оқушыларына қатысты. Егер оқушы оқу жылы бойынша өткізілетін қосымша жиынтық бағалаудан «2» деген баға алса, ол қорытынды аттестаттауға жіберілмейді. Мұндай жағдайда оқушыға анықтама беріледі.

Тестілеу толық автоматтандырылады

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында компьютерлік тестілеу цифрлық жүйелерге кіріктірілген немесе жеке құралдар арқылы жүргізіледі.

Тестілеу процесі автоматтандырылып, оның нәтижелерін өңдеу мен сақтау да автоматты түрде жүзеге асырылады.

Бұл өзгерістер білім алушылардың білімін бағалау кезінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған.

Балабақшалардың міндеттері кеңейтіліп, нақтыланды

Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне қатысты қағидаларда олардың негізгі міндеттері нақты көрсетілді.

Балабақшалар ең алдымен тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, олардың дене, зияткерлік және тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасауға тиіс.

Бұл талап ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері бар балаларға да қатысты.

Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарға:

  • сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету;
  • ата-аналарды бала тәрбиесі мен оқыту процесіне тарту;
  • ата-аналарға бала күтімі, тәрбиесі, оқытуы мен дамуы бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету;
  • отбасына бала тәрбиесі мен оқыту мәселелері бойынша қолдау көрсету;
  • инклюзивті дамытушы орта қалыптастыру міндеттері жүктеледі.

Балабақшаларда балалардың жеке ерекшеліктерін ескеретін ойын және тақырыптық аймақтар, оның ішінде өзгертуге болатын ойын кеңістіктері құрылуы қажет.

Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, тәрбиеленушілерге психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсетіледі.

Балаларды балабақшаға қабылдау цифрлық форматта жүргізіледі

Қазақстан аумағында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау бірыңғай есепке алу, кезекке қою және жолдама беру жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Бұл процесте білім беру саласындағы цифрлық құралдар пайдаланылады.

Мектептердегі оқу процесі

Мектептердің негізгі түрлеріне қатысты түсініктер жаңартылды

Орта білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты үлгілік қағидаларда мектептердің бірқатар түрінің анықтамалары жаңа редакцияда берілді.

Олардың қатарында:

  • арнайы мектеп;
  • әскери мектеп-интернат;
  • бастауыш мектеп;
  • негізгі мектеп;
  • жалпы білім беретін мектеп;
  • бейіндік мектеп;
  • гимназия;
  • лицей;
  • мектеп-интернат;
  • санаторлық мектеп-интернат;
  • мектеп-интернат-колледж;
  • көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат;
  • қосымша білім беру мектебі-орталығы;
  • желілік мектептер бар.

Мысалы, арнайы мектептер ерекше жағдайларды қажет ететін балаларға білім беруге бағытталса, лицейлер жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша тереңдетілген білім беруді қамтамасыз етеді. Ал гимназияларда білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне қарай қоғамдық-гуманитарлық және басқа да бағыттар бойынша кеңейтілген білім беріледі.

Желілік мектептер орналасқан жеріне қарамастан бірыңғай мамандандырылған оқу бағдарламасын іске асырады.

Мектеп-интернаттар халық саны аз елді мекендерде тұратын балалардың білім алуына мүмкіндік береді. Ал жалпы білім беретін мектептері жоқ елді мекендерде тұратын оқушылар үшін мектеп жанындағы интернаттар жұмыс істейді.

Мектепке қабылдау тәртібі сақталады

Мектепке қабылдау және бір орта білім беру ұйымынан екіншісіне ауысу тиісті үлгілік қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Бұл ретте олимпиадалық резервке арналған республикалық, облыстық және басқа да деңгейдегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледждер, сондай-ақ спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар үшін арнайы ерекшеліктер қарастырылған.

Білім беру ұйымдарының цифрлық деректері жаңартылып отырады

Орта білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесімен ақпарат алмасуды автоматтандыруы тиіс.

Сонымен бірге ұлттық білім беру деректер базасындағы ақпараттың өзектілігін қамтамасыз ету міндеті белгіленді.

Бұл білім беру ұйымдары туралы мәліметтердің цифрлық жүйелерде уақытылы жаңартылып отыруына мүмкіндік береді.

Оқу орталықтарының рөлі артады

Жаңа редакцияда цифрландыру саласындағы оқу орталықтарының міндеттері де белгіленді.

Оқу орталықтары білім басқармаларының құрылымдық бөлімшелері ретінде құрылып, цифрландыруды енгізуге қолдау көрсетіп, осы процесті үйлестіреді.

Олардың негізгі бағыттарына:

  • цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту;
  • ақпараттық, талдамалық және консультациялық қызмет көрсету;
  • интерактивті сабақтар өткізу;
  • шағын жинақты және тірек мектептердің бірыңғай білім беру кеңістігіне бірігуін қамтамасыз ету;
  • қашықтан оқыту кезіндегі өзара байланысты ұйымдастыру кіреді.

Сонымен қатар оқу орталықтары қашықтан оқытудың тиімділігін арттыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлейді, білім беру ұйымдарынан цифрландыруға қатысты қажетті ақпаратты жинап, талдайды.

Дарынды балаларға арналған бірыңғай цифрлық база құрылады

Өзгерістердің тағы бір бағыты – дарынды балалармен жұмыс істеуді цифрландыру.

Осы мақсатта дарынды балалармен жұмыс жүргізуге арналған бірыңғай цифрлық кеңістік пен желілік өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру көзделген.

Сонымен бірге Дарынды балалардың бірыңғай тізілімі құрылып, оның негізінде цифрлық деректер базасы жасалады.

Жалпы, жаңа өзгерістер білім алушыларды бағалау жүйесін цифрландыруға, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының міндеттерін нақтылауға, инклюзивті ортаны дамытуға және білім беру саласындағы цифрлық деректерді жүйелеуге бағытталған.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 4 қазаннан бастап күшіне енеді.

Ұқсас материал: Балабақша аттестаттауы: құжаттарды қалай қатесіз дайындау керек?