«Қарапайым тілмен айтқанда — домен және хостинг дегеніміз не?»

Күнделікті интернетті пайдаланғанда біз жүздеген сайттарға кіреміз. Бірақ сол сайттардың қалай жұмыс істейтінін, олардың «мекенжайы» мен «іргетасы» қайда екенін көпшілігіміз ойлана бермейміз. Егер сіз жеке сайтыңызды ашуды немесе интернетте бизнес бастауды жоспарласаңыз, ең алдымен екі негізгі ұғымды түсініп алуыңыз керек. Олар — домен және хостинг.

Бұл терминдерді күнделікті өмірдегі мысалдармен түсіндірсек, бәрі әлдеқайда қарапайым.


Домен дегеніміз не?

Көз алдыңызға үлкен бір қаланы елестетіңіз. Оның мыңдаған үйлері мен кәсіпорындары бар. Біреуге қонаққа немесе бір дүкенге барғыңыз келсе, сізге сол үйдің нақты мекенжайы (көшесі мен үй нөмірі) керек болады сізге. Интернет әлемінде де дәл солай.

Домен — бұл сіздің сайтыңыздың интернеттегі мекенжайы әрі атауы. Мысалы, google.com, youtube.com немесе damuservice.kz — бұлардың бәрі домендік атаулар. Егер домен болмаса, біз сайтқа кіру үшін оның күрделі IP-мекенжайын (мысалы: 192.168.1.45) теріп отыруымыз керек болар еді. Бұл телефондағы байланыс анықтамасына ұқсайды: біз «Басеке» деп сақтаймыз, ал телефон арғы жағында оның нөмірін тереді.


Хостинг дегеніміз не?

Егер домен — үйдің мекенжайы болса, хостинг — сол үй орналасқан жер телімі немесе үйдің өзі.

Сайтыңыз тек әдемі атаудан ғана тұрмайды. Ол суреттер, мәтіндер, видеолар және кодтардан құралады. Осы файлдардың барлығы интернетке қосылып тұрған арнайы қуатты компьютерде (серверде) сақталуы керек. Хостинг — бұл серверден орын жалдау қызметі. Сіз не сіздің мердігеріңіз сайтыңыздың файлдарын сол жерге орналастырады, ал хостинг провайдері оның тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

домен және хостинг

Ең маңызды қағида: бұларсыз сайт жұмыс жасамайды

Кез келген сайт, мейлі ол кішкентай блог болсын немесе алпауыт интернет-дүкен болсын, домен мен хостингсіз жұмыс істей алмайды.

  • Хостингсіз сайттың файлдары «көшеде» қалады, оларды сақтайтын орын болмайды.
  • Доменсіз қолданушылар сіздің сайтыңызды таба алмай әуреге түседі.

Сондықтан сайтты сату немесе сатып алу процесінде доменді де бірге рәсімдеу — міндетті шарт. Сайтты сатқанда сіз тек оның дизайны мен мазмұнын ғана емес, оның «мекенжайын» (доменін) да жаңа иесіне өткізесіз. Домен — бұл цифрлық актив, оның абыройы мен танымалдылығы уақыт өткен сайын арта береді.


Тегін және ақылы хостинг: қайсысын таңдаған дұрыс?

Интернетте «тегін хостинг» ұсынатын сервистер көп. Бірақ «тегін ірімшік тек тышқан қақпанында ғана болады» деген мәтелді ұмытпаған абзал. Тегін және ақылы хостингтердің арасындағы басты айырмашылықтар:

  1. Сенімділік: Тегін хостингте сайтыңыз кез келген уақытта өшіп қалуы мүмкін және оған ешкім жауап бермейді. Ақылы хостингте сіз тұрақтылық пен техникалық көмек үшін ақы төлейсіз.
  2. Жарнама: Тегін сервистер сіздің сайтыңызға өз жарнамаларын мәжбүрлеп салады. Бұл сайтыңыздың келушілеріне кері әсер қалдырады.
  3. Домен атауы: Тегін хостингте сіздің доменіңіз(дәлірек айтқанда субдомен) meninsaytym.hosting.com сияқты ұзын әрі түсініксіз болуы ықтимал. Ал ақылы хостингте сіз өзіңізге ұнайтын қысқа әрі әдемі janasite.kz сияқты доменді таңдай аласыз.
  4. Жылдамдық: Тегін хостингтер өте баяу жұмыс істейді, себебі бір домеде жүздеген субдомен болу ғажап емес. Егер сайт 3 секундтан ұзақ жүктелсе, қолданушының оған шыдамы жетпей қалуы мүмкін.

Домен мен хостинг туралы қызықты деректер

  • Алғашқы домен: Әлемдегі ең бірінші тіркелген домен — symbolics.com. Ол 1985 жылы 15 наурызда тіркеліп және әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
  • Ең қымбат домен: Тарихтағы ең қымбат домендердің бірі — business.com. Ол кезінде 345 миллион долларға сатылған болатын. Бұл жай ғана атаудың қаншалықты құнды болатынын дәлелдейді.
  • Тіркелген домендер саны: Қазіргі уақытта әлемде 360 миллионнан астам домендік атау тіркелген. Және бұл сан секунд санап артып келеді.
  • Антарктиданың да домені бар: Иә, тіпті елсіз-жұртсыз Антарктиданың өзінде.aq деген өз домендік аймағы бар екен.

Қорыта айтқанда, домен мен хостинг — бұл сіздің интернеттегі жеке меншігіңіз. Оларды дұрыс таңдау және сапалы қызметке жүгіну — табысты жобаның басты кепілі. Егер сізге ұзақ мерзім жұмыс жасайтын әрі сапалы сайт керек болса, алғашқы күннен бастап сенімді хостинг пен әдемі домен алуға тыңғылықты қарағаныңыз абзал.

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Біздің жаңалықтардан хабардар болыңыз

Электроннды поштаңызды(Email) енгізіп жаңалықтарға жазылыңыз!