Сайт жасауға тапсырыс бергенде жиі жіберілетін 6 қателік

Мемлекеттік, білім беру немесе медицина ұйымына сайт жасау — бұл жай ғана техникалық тапсырма емес. Бұл — репутация, заң талаптарына сәйкестік, азаматтармен кері байланыс және цифрлық қауіпсіздік мәселесі. Алайда шындығына келгенде көптеген мекемелер сайтқа тапсырыс бергенде бірқатар елеулі қателіктерге жол беріп, соның кесірінен кейін басқару жағынан қиындықтар туындайды, ал кейде тіпті сайтқа толықтай қолжетімділік жоғалтып алады.

Бұл мақалада біз мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар сайт жасатқанда жиі жіберетін ең өзекті қателіктерді қарастырамыз және олардан қалай сақтануға болатынын ұсынамыз.


1. Сайт жасауға тапсырыс бергенде домен ұйымның атына емес, жеке тұлғаға тіркелген

Мәселе:
Көп жағдайда сайттың домені (мысалы, school.kz, clinic.kz, govorg.kz) мекеменің өзіне емес, директордың, хатшының, IT-маманының немесе сол мердігердің өз атына тіркеледі. Уақыт өте келе:

  • басшы ауысқанда доменге қол жеткізу жоғалады;
  • жауапты қызметкер кеткен соң, ешкім басқаруды білмейді;
  • доменді «қайтарып алу» үшін төлем сұрайды.

Шешімі:
Домен міндетті түрде мекеменің заңды тұлғасы атына тіркеліп төлем түбіртегі сақтаулы болған абзал. Корпоративтік поштаны қолданып барлық домен құжаттарын ішкі архивте сақтау керек.


2. Сайтқа меншік құқығы мердігерге тиесілі

Мәселе:
Кейбір жосықсыз әзірлеушілер сайтқа, оның шаблоны мен құрылымына авторлық құқықты өз аттарына тіркеп қояды. Келісімшартта ұйым тек «шектеулі лицензиямен» қолдана алады деп көрсетіледі.

Салдары:

  • жыл сайын «лицензияны жаңарту» үшін төлем талап етеді;
  • сайтқа өзгеріс енгізу тек ақылы түрде болады;
  • келісімшарт бұзылса, сайт жұмысын тоқтатып тастауы мүмкін.

Шешімі:
Келісімшартта нақты мынадай тармақ болу керек: сайттың барлық мүліктік және авторлық құқықтары мен контент иелігі тапсырыс берушіге тиесілі болады. Басқа мердігерге тапсыруға қолайлы және қызметкеріңізге игеруге жеңіл ашық әрі ақысыз платформаларды (WordPress, Joomla, Drupal) таңдаңыз.


3. Техникалық тапсырма бұрынғы мердігерге бейімделіп жазылған

Мәселе:
Кейде техникалық сипаттама (спецификация) ұйымның емес, алдыңғы мердігер немесе оған жақын тұлғалар тарапынан жасалады. Соның нәтижесінде:

  • тек бір мердігер ғана орындай алатын талаптар қойылады;
  • техникалық шешімдер тым күрделеніп жазылады;
  • тендер бәсекесіз ойнатылғандықтан сайтқа тиісті қолдау көрсетілмейді (бір мердігерге байланып жылдар бойы жаңартылмаған сайттар интернет кеңістігінде жетіп артылады).

Шешімі:
Техникалық сипаттаманы ең алдымен өз ұйымыңыздың мүддесін ескеріп даярлатыңыз немесе бейтарап сарапшының көмегіне жүгініңіз.
Нақты фирма, CMS немесе модульдер атауын мүмкіндігінше көрсетпеңіз, егер оларға заңды талап болмаса.


4. Сайтқа қызмет көрсету қарастырылмаған

Мәселе:
Көптеген мекеме сайтты «бір рет жасап, ұмытып кетеді». Уақыт өте келе:

  • әртүрлі ақаулар пайда болады;
  • қауіпсіздік осалдығы артады;
  • сайтқа өзгеріс енгізу мүмкін болмай қалады.

Шешімі:
Жоба басталмай тұрып:

  • сайтты кім жаңартып отыратыны анықтап алу керек;
  • техникалық қолдау келісімі (сүйемелдеу) жасалған абзал;
  • жылдық техникалық қызмет бюджеті қарастырылу қажет.

5. Құқықтық және нормативтік талаптарды ескермеу

Мәселе:
Сайтта заңмен міндеттелген ақпарат жоқ:

  • мекеме құрылымы, басшылық байланыстары;
  • қабылдау кестесі;
  • мемлекеттік тілдегі нұсқа;
  • мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған нұсқа;
  • мемлекеттік платформаларға қосылу талаптары.

Шешімі:
Сайт жобасын бастамас бұрын:

  • нормативтік-құқықтық базамен танысыңыз;
  • Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды қарап шығыңыз;
  • мердігерден бұл талаптарды алдын ала ескеруін талап етіңіз.

6. Сайттың нақты мақсатын анықтау

Мәселе:
Көптеген мекемелер сайтты тек «керек болғандықтан» жасай бастайды, алайда ең басты сұрақты өздеріне қоймайды: бұл сайт бізге не үшін қажет? Соның салдарынан сайт ретсіз жүктелген файлдар мен жаңалықтардан тұратын электронды мұрағатқа айналып кетеді.

Қалай алдын алуға болады:
Сайт жасауға кіріспес бұрын мекеме қажеттіліктеріне қысқаша аудит жүргізу маңызды:

  • Келуші сайттан қандай қызметті немесе ақпаратты тез әрі оңай алуы керек?
  • Сайт қандай қызмет атқаруы тиіс?
  • Оның негізгі мақсатты аудиториясы кім?

Сайтты қолданушының көзімен жобалау қажет, яғни сайтқа келушінің мүддесі ескерілуі керек.


Қорытынды

Сайтты жасау — бұл жай бір сәттік қызмет емес, ұйымның цифрлық болашағына әсер ететін шешім. Жіберілген қателіктер болашақта бюджеттік шығынға, беделдің төмендеуіне және ақпараттық тәуекелдерге әкелуі мүмкін.

Сақ болу үшін:

  • доменді өз мекемеңіздің атына тіркеңіз;
  • авторлық құқықтар тапсырыс берушіге тиесілі болуын қадағалаңыз;
  • ТС-ны мұқият әрі бейтарап түрде дайындаңыз;
  • сайтқа ұзақ мерзімді қолдау жүйесін енгізіңіз;
  • заң талаптарын сақтаңыз.

Егер сізге интернет-ресурсты тексеру, жаңарту немесе қайтадан сайт жасау керек болса — біз көмектесуге дайынбыз. Мемлекеттік, білім беру, медицина және ұлттық компаниялармен жұмыс тәжірибеміз мол. Біз сайтты жай жасап бермейміз — оны тиімді жұмыс істейтін цифрлық құралға айналдырамыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісу