Мемлекеттік сайттың киберқауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?


Қазіргі таңда мемлекеттік мекеменің сайты — жай ғана «визитка» емес. Ол — азаматтармен байланыс орнатудың толыққанды құралы. Сайт арқылы азаматтар мемлекеттік органға өтініш береді, заңдармен танысады, құжаттар жүктейді, жаңалықтар алады. Дегенмен сайт болған соң дерек пен трафик та қоса жүреді, ал олар кибершабуыл жасаушылар үшін әрқашан қызықты болмақ.

Хакерлердің мемлекеттік сайттарға шабуыл жасауы — сирек кездесетін жағдай емес. Қазақстанда да, әлем бойынша да сайттарға қатысты түрлі бұзушылықтар, жалған ақпарат тарату, тіпті шантаж жағдайлары кездесіп жатады. Сол себепті сайтты қорғау — бұл тек техникалық мәселе емес, бұл мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі.

Ендеше, сайтты киберқауіптерден қалай қорғауға болады? Түсінікті тілмен, нақты кеңестермен бөлісеміз.


1. Қауіпсіз кіру: құпиясөзге салғырт қарамаңыз

Кейде сайтқа миллион теңге жұмсалғанымен, оның әкімшілік панеліне кіру логині — admin, ал құпиясөзі — qwerty болуы кездейсоқ емес. Мұндай жағдайда сайтты қорғау мәселесіне қауіп төнетіні түсінікті.

Не істеу керек:

  • Құпиясөз неғұрлым күрделі болуы керек: бас әріп + кіші әріп + сан + таңба.
  • Әкімшілікке кіру үшін екі сатылы тексеруді (2FA) қолданыңыз.
  • Құпиясөзді бөгде адамдарға бере бермеңіз.
  • Әсіресе сайтты жасаған мердігер ауысқанда құпиясөзді ауыстырған абзал.

2. Мемлекеттік сайтқа қол жеткізу тек сенімді адамдарға ғана берілу қажет

Көп жағдайда сайт сырттан емес, іштен, қызметкедің салғырттығынан бүлінеді. Егер мекемедегі барлық қызметкерлерге админ панельге кіруге рұқсат берілген болса, бұл — сөз жоқ қауіптің көзі.

Не істеу керек:

  • Қолданушыларға нақты бір жеке рөлдер берген дұрыс (админ, редактор, модератор, жазылушы).
  • Әр қызметкерге тек өзіне қажетті функцияларды ғана ашыңыз.
  • Кім қай кезде кірді, не өзгертті — барлығын журналға енгізіп отырған артық болмайды.

3. Мемлекеттік сайтты дер кезінде жаңарту — бұл тек формалды әрекет емес, қауіпсіздікке өте қажет шара

CMS жүйесінің немесе плагиндердің ескі нұсқалары — хакерлер үшін ашық есікпен тең деуге болады.

Не істеу керек:

  • Жүйелі түрде жаңартуларды тексеріп, уақытымен орнатыңыз.
  • Бөгде, лицензиясыз шаблондарды қолданбаңыз.
  • Жаңартулар алдында толық резервтік көшірме жасап алған дұрыс.

4. SSL-сертификат және HTTPS

Егер сайтта қорғаусыз (HTTP) байланыс қолданылса, пайдаланушының мәліметтері (мысалы, өтініш формасы, жеке деректері, банк шоттары) ұрлануы мүмкін.

Не істеу керек:

  • SSL сертификатын орнатыңыз.
  • Барлық трафикті автоматты түрде HTTPS-ке бағыттаңыз.
  • Сертификаттың мерзімі аяқталмауын бақылаңыз немесе автоматты жаңартуға қойыңыз.

5. Мемлекеттік сайтты шабуылдан қорғау (Firewall, DDoS)

Хакерлер көбінесе боттар арқылы сайтқа мыңдаған сұраныс жіберіп, оны істен шығаруға тырысады.

Не істеу керек:

  • Cloudflare сынды WAF (Web Application Firewall) технологиясын пайдаланыңыз.
  • Хостинг деңгейінде DDoS-тан қорғауды қосыңыз.
  • Кіру панелінде шектеу қойыңыз (мысалы, 5 реттен артық қате құпиясөз енгізсе — уақытша бұғатталады).

6. Авторлық құқық пен лицензия мәселесі

Кейде мәселе техникалық тұрғыда емес, заңдылық жөнінде болып жатады. Жасалған сайттың авторлық құқығы мердігер өзіне рәсімдеп, сайтқа толық ие болып алатыны кездейсоқ емес.

Не істеу керек:

  • Домен, хостинг және сайттың авторлық құқықтары мемлекеттік мекеменің атына тіркелуі шарт.
  • Келісімшартта сайтқа ерекше меншік құқығы тапсырыс берушіге (мекемеге) өтетіні нақты көрсетілгенін қадағалаңыз.
  • Бэкаптар(сайттың көшірмесі) мен техникалық құжаттар мекеменің өзінде сақталу керек.

7. Қызметкерлерді оқыту

Сайттағы әлсіз тұс көбінесе — ол адами фактор. Байқаусызда фишингтік сілтемеге кіру, күмәнді плагин орнату — кибершабуылға жол ашады.

Не істеу керек:

  • Сайтпен жұмыс істейтін қызметкерлерге нұсқаулық өткізіп отыру керек.
  • Бір құпиясөзді жұмыс пен жеке жерде қолдануға тыйым салыңыз.
  • Әкімшілікке кіретін компьютерлерге кездейсоқ программа орнатуға рұқсат бермеңіз.

8. Резервтік көшіру — сақтықтың негізі

Ең мықты қорғалған сайттың өзі шабуылға ұшырауы мүмкін. Сондықтан алдын ала дайын болу керек.

Не істеу керек:

  • Автоматты түрде бэкап жасау жүйесін қосыңыз (күн сайын немесе апта сайын).
  • Көшірмені басқа серверде немесе бұлттық сақтау жүйесінде сақтаңыз.
  • Қалпына келтіру процесін тексеріп көріңіз — ол шынымен жұмыс істей ме?

Қорытынды: Сайтының киберқауіпсіздігі — бір реттік емес, үздіксіз жұмыс

Сайтты қорғау — тек бір жолғы әрекет емес. Бұл — жүйелі түрде жүргізілетін процесс. Мұнда қызметкерлер де, техникалық құралдар да, басқару шешімдері де маңызды рөл атқарады.

Мемлекеттік сайт — бұл халық пен билік арасындағы байланыс көпірі. Ол тек контентімен ғана емес, қауіпсіздігімен де сенім ұялатады.


Пайдалы сілтемелер:

  • KZ-CERT — Қазақстандағы компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі
  • Cloudflare — DDoS-тан қорғау және Firewall орнату
  • HaveIBeenPwned — сіздің поштаңыз немесе құпиясөзіңіз бұрын ұрланған ба, тексеру
  • DamuService — қауіпсіз әрі сапалы мектеп сайтына тапсырыс жасау

Әлеуметтік желілерде бөлісу